Алданғаныма қуаныштымын немесе ағылшын тілін үйрену туралы 5 негізгі миф

Ағылшын тіліндегі фильмдерді көріп, жаңа сөздерді жаттап, қымбат интенсивті курстарға ақша құйсаңыз да, еркін сөйлей алмай жүрсіз бе? Бұл мақалада біз тіл үйренудегі ең кең тараған 5 қате түсінікті қарастырамыз: не істеуге болмайды, ал не істеу керек, бірақ сәл басқаша.

Желден жылдам

Қазір барлық жерде көз тартатын ұрандар жазылған: «Ағылшын тілі – 30 сағатта», «Бір айда ағылшынша сөйлеп үйрен», «Еш қиындықсыз ағылшын тілі» және тағы басқа уәделер. Ағылшын тілі шын мәнінде ең қиын тіл емес және оны меңгеру – тек таңдаулыларға арналған миссия емес. Дегенмен, ол сізден біраз уақыт пен күш-жігерді талап етеді. Қысқа мерзімді интенсивті курстар білімді жүйелеуге және алғашқы нәтижелерге қол жеткізуге көмектеседі, бірақ ұзақ мерзімді жетістіктерге жету үшін уақыт қажет.

Аз болса да, күн сайын

Ағылшын тілін аптасына екі-үш рет оқуға уақыт бөлсеңіз, бұл, әрине, ештеңе істемеуден жақсы. Бірақ қалған күндері тілді ұмытып кетсеңіз, үлкен нәтижелер күтудің қажеті жоқ. Тіл үйренудегі ең маңызды факторлардың бірі – тұрақтылық пен жүйелілік. Күніне 15-20 минут болса да оқуға уақыт бөлсеңіз, жақын арада нәтиже көресіз.

Кестені емес, мағынаны түсіну

Грамматика туралы айтатын болсақ, көп адам етістік шақтарының кестесін жаттау керек деп ойлайды. Бірақ бұл дұрыс тәсіл емес. Маңыздысы – оларды есте сақтау емес, түсіну. Бұған көмектесетін ең тиімді әдістердің бірі – timelines (уақыт сызықтары). Бұл схемалар белгілі бір шақтың қашан қолданылатынын анық көрсетеді. Сондай-ақ грамматиканы оқығанда, контексттік жаттығуларға басымдық берген жөн. Яғни, жеке сөйлемдегі бос орындарды толтыру емес, мәтіндермен жұмыс істеген пайдалырақ. Бұл тілдің нақты қолданысын жақсырақ түсінуге көмектеседі.

Күніне 10 сөз бе?

Сөздік қорды толықтыру да грамматика сияқты – контексте орын алуы керек. Егер сіз күн сайын жаңа сөздердің тізімін жаттауға тырыссаңыз, оларды ұзақ уақыт есте сақтау ықтималдығы өте төмен. Оның орнына фильмдер көргенде, кітап оқығанда немесе әндер тыңдағанда қызықты тіркестер мен сөздерді жазып алған дұрыс. Осылайша, сіз оларды нақты кейіпкерлермен және жағдайлармен байланыстырасыз, бұл есте сақтауды жеңілдетеді.

Субтитрлер көмектесе ме?

Фильмдерді субтитрмен көру – талас тудыратын мәселе. Мұнда бастысы – мақсатыңызды анықтау. Егер сіздің мақсатыңыз сөздік қорды кеңейту болса, ағылшынша субтитрлер көмектеседі. Бірақ олар тыңдау дағдыларын дамытуға әсер етпейді. Ал егер тыңдау қабілетіңізді жақсартқыңыз келсе, субтитрлерді мүлдем қоспауға немесе тек қазақ/орыс тілінде қосуға болады. Бұл сізге айтылған сөздердің мағынасын түсінуге және бар сөздік қорыңызды белсендіруге көмектеседі.

Енді ағылшын тілін үйрену сіз үшін әлдеқайда қызықты әрі жағымды процесс болатынына сенеміз!